Абайдың оныншы қара сөзі - Абай Құнанбайұлының қара сөздері

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің - балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да - бір бос сөз. Әуелі - өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші - балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші - малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары - ол да екі талай. Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: «Әне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір - қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?

Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі - біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің - сол.

Бұл - құдайдан тілеген емес. Бұл - абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы - сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі.


8 пікір

Жиренше

Абайдың оныншы қара сөзі балалар мен мұрагерлер ұғымымен байланысты көптеген эмоционалды және философиялық идеяларды білдіреді. Абай мұрагердің адам үшін қаншалықты құнды екендігі және бала қартайған кезде оған қамқорлық жасайды деп күткен кезде адамның құқығы бар-жоғы туралы сұрақ қояды. Мүмкін, автор балаларды тек болашаққа өзін-өзі қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырмау керек екенін баса айтқысы келеді. Олардың өздері құндылық, сондықтан адамдар оларға жеке тұлға ретінде қамқорлық жасауы керек.

Думан

Осы қара сөзде адам өзінің мұрасы мен байлығын сақтау үшін баланы қалауы мүмкін деген идея бар. Бұл оның ашкөздігін және өзі жасаған барлық нәрсені жоғалтудан қорқатынын көрсетеді. Дегенмен, автор мұра адам қайтыс болғаннан кейін жерде қалатын нәрсе емес, ол жақсы көретін адамдардың жүрегінде қалдыратын нәрсе екенін атап көрсетеді.

Матиби

Абай мұрагерді адамның қамқорлығы мен дұғаларын алмастыруға болмайды деп ескертеді. Бұл дұрыс емес және әкесіне де, ұлына да зиян тигізуі мүмкін. Сондай - ақ, автор әке үшін дұғаларды ұлдың айтуы міндетті емес екенін атап көрсетеді-мұны кез-келген сенуші жасай алады.

Калка

Абайдың оныншы қара сөзі ұлыңыздан ол сізді қартайған кезде тамақтандырады деп күтуге болмайтындығы туралы ескерту бар, өйткені бұл көңілсіздік пен ренішке әкелуі мүмкін. Оның орнына автор өзіне қамқорлық жасауды және басқа адамдарға тәуелді емес жерде жақсылық қалдыруға ұмтылуды ұсынады.

Мадина

Бұл мәтінде өмір туралы көптеген терең ойлар бар, соның ішінде байлық туралы арман адалдық пен еңбекқорлықпен үйлеспесе, жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар ата-ана тәрбиесі, дәстүрлерді құрметтеу және қарт адамдарға қамқорлық жасау сияқты басқа да маңызды тақырыптар қозғалады.

Жаназар

Абай бізді рефлексияға және біздің өмірлік ұстанымымыз бен сайлауымызды интроспекциялауға шақырады. Ол біздің өміріміз біздің мүмкіндіктеріміз бен қабілеттерімізді қалай басқаратынымызға байланысты екенін атап көрсетеді.

Баян

Оныншы қара сөзі жеткілікті риторикалық стильде, баяндау сұрақтарын қолдана отырып және бір идеяны әртүрлі формада бірнеше рет қайталай отырып жазылған. Бұл оқырманға әр ойдың маңыздылығын сенімді түрде жеткізуге көмектеседі.

Зарина

Қара сөзде ислам мәдениеті аясында жазылғанына қарамастан, ол бүкіл әлемдегі адамдар үшін өзекті болып табылатын жалпы мәселелерді шешеді. Автор әрқайсымыз өз өміріміз үшін жауап беретінімізді және бақыт пен әл-ауқатқа жету үшін өз әрекеттеріміз бен шешімдерімізді ескеруіміз керек екенін атап көрсетеді.