Абайдың он бесінші қара сөзі - Абайдың қара сөздерінен толықтай мойыншақ сөйлемдер

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.

Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?


4 пікір

Баттал

Абайдың он бесінші қара сөзде ақылды және ақымақ адамдар арасындағы айырмашылықтарды және бұл айырмашылықтар адамның өміріне қалай әсер ететінін талқылайды. Оның айтуынша, ақылды адам өз білімін қоғамның игілігі үшін үнемі үйренуге және қолдануға тырысады, ал ақымақ адам өмірден өз орнын таба алмайды және мақсатсыз істермен айналысады.

Бану

Абайдың айтқандарының бірі-азғыру. Ол азғыруға түсу адамның елес армандарды қуып, жартылай ақылды адамды еске түсіруіне әкелуі мүмкін деп түсіндіреді. Ол бұл мінез-құлықты аурумен салыстырады және адамды ақылмен әрекет етуге және өзін күлдірмеуге шақырады.

Айтуган

Абайдың он бесінші қара сөзі ақылға қонымды болғысы келетін адам мезгіл-мезгіл өз уақытын қалай өткізгені және оның істері пайдалы және Құдайға ұнамды болды ма деп ойлауы керек екенін атап көрсетеді. Бұл оған дұрыс жолда қалуға және одан әрі дамуға мүмкіндік береді.

Гулайым

Жалпы, Абайдың қара сөзі ақылға қонымды мінез-құлыққа және өзін және айналасындағы әлемді жақсартуға үнемі ұмтылуға шақырады. Ол білім мен жақсылыққа ұмтылу өмірде сәттілікке жетудің негізгі факторлары екенін атап көрсетеді. Сонымен қатар, автор бос бастамалар мен азғыруларға тым көп құмарлық уақытты жоғалтуға және мүмкіндіктерді жіберіп алуға әкелуі мүмкін екенін ескертеді.