Абайдың жиырма үшінші қара сөзі - Абайдың қара сөздерінен толықтай мойыншақ сөйлемдер

Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дегендер бар.

Оның қуанышы - елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса, қуанады. Айтады: құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? - деп. Оған құдай тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса, алдыңда неше ат бар деп сұрар, артыңда неше ат бар еді деп сұрағанның несі сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?

Енді жұбанышы - жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады да деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптен қалмасаң болады деп. Көпке қаһарым жүрмейді деп. Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Хикмет көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса, жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адам адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па екен? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ, жармысы арыса, жармысының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!


5 пікір

Райыс

Сөзде автор басқалардың сәтсіздіктерінен немесе біз жасамаған әрекеттерден ләззат алу дұрыс емес деген ойды жеткізуге тырысады. Біз біреудің жаман нәрсе жасағанына қуанбауымыз керек, тек жақсы істер жасауға тырысуымыз керек.

Максат

Қазақ өзін-өзі жұбатып, ол жалғыз емес және бәрі осылай жасайды, әр адам өз іс-әрекетіне жауапты болуы керек екенін ұмытып кетеді. Көпшілікпен бірге болу әрқашан дұрыс болуды білдірмейді.

Дария

Абай данышпандықтың әмбебап емес екенін және барлық адамдар бірдей Дарынды емес екенін атап көрсетеді. Сондықтан көпшілікті ұстану мүмкін емес, сіз өзіңіздің дамуыңыз бен өсуіңізге ұмтылуыңыз керек.

Азамат

Абайдың жиырма үшінші қара сөзде көпшілік әрқашан жақсылық жасай алмайды. Кейде жалғыз адам мыңдаған адамдарға көмектесе алады, мысалы, рельефті білу немесе қажетті білімге ие болу. Сондықтан сіз тек көпшілікке сене алмайсыз, адамдардың жеке қасиеттерін ескеруіңіз керек.

Санжар

Әр адамның өзіндік ерекше қасиеттері мен артықшылықтары бар, және сіз басқалар сияқты болуға ұмтылып, өзіңізді төмендетпеуіңіз керек. Басқалардан ерекшеленбеу үшін өзіңіздің керемет қасиеттеріңізді жасырмаңыз, оларды көрсетіп, қоғамның игілігі үшін пайдалану маңызды.